Түрік Республикасымен ғылым және техника саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылды

2009 жылғы 22 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Түркия еліне ресми сапары аясында ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев Қазақстан Республикасы Үкіметі атынан Түрік Республикасымен ғылым және техника саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойды.

Осы келісім-шарт шеңберінде ғалымдар бірлескен ғылыми-зерттеу және техникалық жобаларды жүзеге асыру, өзара ғалым, сарапшылармен алмасу, ғылыми конференциялар мен симпозиумдар, семинарлар өткізу, сондай-ақ ғылыми және техникалық ақпараттар мен құжаттар алмасу түрінде ынтымақтасатын болады. Оған қоса тараптардың ынтымақтастық саласын анықтап, келісім-шартты жүзеге асыру бойынша хаттамалары мен бағдарламаларын әзірлейтін және «2010-2012 жылдарға арналған ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастық» бағдарламасы аясында бірлескен жобаларды жүзеге асыратын комиссия құру көзделген.