Арал теңізін құтқару қорына құрылтайшы мемлекеттер басшыларының саммиті

30.04.09

 

28.04.2009 21:15
Арал теңізін құтқару қорына құрылтайшы мемлекеттер басшыларының саммиті

Дүниежүзілік экономикалық дағдарысқа қарамастан Қазақстан Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізін құтқару бағытындағы істерін жалғастыра береді. Бұл туралы бүгін мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Алматыда өткен Арал теңізін құтқару қорына құрылтайшы мемлекеттер басшыларының саммитінде мәлім етті. Орталық Азиядағы бес мемлекеттің президенті 20-ғасырдағы, дүниежүзіндегі ең ірі экологиялық апат - Арал теңізін құтқару мәселесіне қатысты пікір алысқан басқосуда Қазақстан басшысы бірқатар нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Аралды құтқару халықаралық қоры 1993 жылы құрылған. Осыдан 16 жыл бұрын алғашқы болып қордың тізгінін ұстаған Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биыл оны қайтадан қолға алды. Ғасыр апатының ғаламат қарқынын неғұрлым азайтып, Арал теңізі аңғарындағы экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында құрылған қорға Орталық Азиядағы бес мемлекет құрылтайшы. Алматы саммитіне осы бес елдің: Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан мемлекеттерінің басшылары қатысты. Кезінде көгінде шағаласы шаңқылдап, суында балығы тулаған, бүкіл аймақтың тіршілік нәрі болған айдынды Арал өткен ғасырдың екінші жартысында күрт тартылып, ғасырдың ең ірі экологиялық апатына ұшырады. 1961 жылы Мәскеудің қос дария бойында мақта егісін дамыту туралы шешімі шыққаннан кейін өзендердің суы тарам-тарам қазылған арықтармен шөлге тартылды. Сөйтіп, қос күретамыры буылған Арал сусамырға тап болды.

Нұрсұлтан Назарабаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Содан бері теңіз 10 есеге кішірейді, теңіздің тақырға айналған түбі 4.7 миллион гектарға жетті. Жыл сайын 120 миллион тонна тұз пен құм ауаға тарап, күллі Еуразияға шөгуде. Оның шөгінділері біздің тауларымыздағы мұздықтардан, Еуропадан, тіпті солтүстік мұзды мұхиттан да табылып жатыр. Ол бүгінде бүкіләлемдік экологиялық апат. Енді теңізді дәл бұрынғыдай қалпына келтіру мүмкін емес, сондықтан тым болмағанда аймақтағы егіс алаңдарына неғұрлым суды аз пайдаланатын дақылдар өсіру, суды, өзен аңғарларын тазалау және аймақтағы тұрғындарға таза ауыз су беру мәселесі өзекті болып тұр.

Сөйтіп, күні кеше ғана әлемдегі төртінші ірі көл саналған Аралдың адамдардың көз алдында тартылуы аймақты экологиялық жағынан ғана емес, экономикалық тұрғыдан да тұралатып, мыңдаған адамдар еріксіз жер ауды. Барлығы бір орталықтан, қызыл қамалдан басқарылған кезде жағдайды көре тұра шарасыздықтан дағдарған Орталық Азия мемлекеттері тәуелсіздігін алғаннан кейін Аралды құтқару жөнінде арнайы қор құрды. Өткен 16 жылда бұл мемлекеттер тартылған теңіздің бетін беті қарату үшін өзінікі бар, донорлардікі бар: ұзын-ырғасы 2 миллиард долларға жуық қаржы жұмсады.

Нұрсұлтан Назарабаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Алайда, Арал теңізі аңғарындағы қазіргі жағдайды саралау сарп етілген қаншама күш-жігерге қарамастан аймаққа экологиялық қауіп төндіретін факторлардың өсу деңгейі істеліп жатқан шаралардан әлдеқайда басым болып тұрғанын көрсетті. Бұл факторларға дүниежүзілік табиғаттың өзгеруін және өзендердің арнасын реттеуде қол жеткен бірқатар жетістіктерге қарамастан құрғақшылық болған жылдардағы судың тапшылығынан туындайтын түйткілдерді атауға болады.

Қабылданған қаншама құжаттар мен жасалған келісімдерге қарамастан көп жағдайда аймақтағы мемлекеттер су бөлісі кезіндегі даудан аса алмай отыр. Тек Қазақстан ғана Сырдарияның және теңіздің өзіне тиесілі бөлігін құтқаруда қыруар іс жасады. Онсыз да әрбір тамшысы алтынға бергісіз болған Сырдың суын шөл жібермеу үшін өзеннің қос жағалауы шегенделіп, 13 шақырымдық бөгет тұрғызылды. Көптеген су тораптары салынды. Нәтижесі белгілі: кезінде Арал қаласынан 150 шақырымға дейін қашықтап кеткен теңіз қайта оралып, 40 шақырымдық межеге иек артты. Аймақтағы аппақ сорға айналған көлдер мен тоғандарға жан бітіп, балық шаруашылығы қайтадан дами бастады.

Нұрсұлтан Назарабаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Дүниежүзілік экономикалық дағдарысқа қарамастан Қазақстан жоспарлаған жұмыстарын аяқсыз қалдырмайды. Жақын арада біз «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солүстік бөлігін құтқару» жобасының екінші кезеңіне кірісеміз.

191 миллион доллар жұмсалатын екінші кезеңде кіші Аралдың суын 46 метрлік деңгейге көтеріп, Арал қаласынан арнайы канал арқылы кеме қатынайтын жағдайға жеткізу жоспарланған. Ал, халықаралық Қордың жұмысына қайта оралсақ, өткен 16 жылда қор ғасыр апатына бүкіл әлемнің назарын аударып, оның экологиялық зардаптарын азайтуға халықаралық қауымдастықтың, донор елдердің қаржысын тартуға үлкен септігін тигізді. Алдыңғы екі бағдарлама хал-қадірінше орындалды. Енді қолға алынатын 2011-2015 жылдарға арналған үшінші кезеңде басты назарда ұстайтын бірқатар мәселелер бар. Қазақстан басшысы Арал теңізін құтқару жөніндегі халықаралық қор жұмысының тиімділігін арттыра түсу үшін бірқатар нақты ұсыныстар айтты. Өйткені, соңғы жылдары қордың жұмысы сылбырсып барады. Нұрсұлтан Назарбаев қордың атқару комитеті мен басқару жүйесінің рөлін арттыру қажеттігін, жаңа атқару комитеті халықаралық ұйымдармен, донорлармен қарым-қатынасты нығайтуы керектігін атап өтті. Бұл ретте президент келер жылы донорлардың қатысуымен Аралды құтқару мәселесіне байланысты халықаралық конференция өткізуді ұсынды. Қор былтыр БҰҰ-ы Бас Ассамблеясының халықаралық байқаушы мәртебесіне ие болған еді. Бұл жұмыстарды жалғастырып, қорды БҰҰ-ы аясындағы ұжымдар құрылымына енгізу керек. Және Арал мәселесіне бүкіл әлемнің назарын аудару бағытындағы жұмыстар жалғасын табуы тиіс. Қазақстан бұл мәселеге келер жылы өзі төрағалық еткені отырған Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымының аясында да баса назар аударатын болады. Аралды құтқарудағы ең басты түйткілдердің бірі - осы аймақтағы суды үнемді, тиімді пайдалану.

Нұрсұлтан Назарабаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Су ресурстарын басқарудың заманауи тұжырымдамасындағы ең маңызды тұстардың бірі – суды пайдалану кезінде табиғи және экономикалық факторлармен тығыз байланыста болу қағидасы, сондай-ақ, экономикалық даму мен өзендер жүйесіндегі экологиялық қауіпсіздіктің тепе-теңдігін сақтау мәселесі болса керек.

Бұл мәселе жөнінде тараптар әлі де түптілікті, ұзақмерзімдік мәмілеге келген жоқ. Сырдарияның ең төменгі ағысында отырған Қазақстан үшін де аса маңызды бұл мәселе бөлек отырыстың өзегі десті басқосуға келген мемлекет басшылары. Ең бастысы, тараптар су-энергетика тақырыбына қатысты қордаланған түйткілдерді бірлесе отырып шешудің маңыздылығын түсінеді және оған бейіл. Саммиттің қорытындысы бойынша мемлекет басшылары бірлескен мәлімдеме қабылдады. Алматы саммитінің аясында Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзбекстандық әріптесі Ислам Кәрімовпен оңаша кездесті. Онда саммиттің басты тақырыбы – Арал теңізін құтқару және су-энергетика ресурстарын бірлесе пайдалану жайымен қатар, екіжақты ынтамақтастықты дамытудың да бірқатар қырлары талқыланды.

ақпарат көзі: "Хабар" Агенттігі