Астанада Жаңа университеттің тұсаукесер рәсімі шеңберінде екікүндік халықаралық семинар өткізілді

30.04.09

 

    Оған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев, Стэнфорд, Кембридж, Карнеги Меллон, Техас университеттері, Сингапур Ұлттық университеті, Лондон университеттік колледжі және Дүниежүзілік банк сарапшылары мен кеңесшілері қатысты.
     Форумда сөз сөйлеген Ж.Түймебаев: «Жаңа университет — әлемдік деңгейдегі стандарттар бойынша білім алуға мүмкіндік беретін технологиялық бейінді үлкен масштабтағы халықаралық жоғару оқу орнын құрудағы отандық алғашқы жоба. Осы Астананың Жаңа университетіне әлемнің жетекші оқу орындарының үздік дәстүрлері мен рухын енгізуіміз керек», - деді.
     Жаңа университеттің тұжырымдамасы жоғары білімнің әлемдік озық тәжірибесі негізінде әзірленді. Оның ғылыми-зерттеу құрылымын құру барысында жетекші зерттеу университеттерінің тәжірибесі негізге алынды. Ол оқытушылар мен студенттер және бірқатар бөлімшелер қызметінің модульдігі тәуелсіздігін қарастырып, корпоративтік құрылымға негізделетін үлгі. Университет холдинг түрінде құрылмақ.
     Оның негізгі ерекшелігі — студенттер оқу бағдарламаларын меңгерумен қатар, шығармашылық ізденісін дамытуға мүмкіндік беретін ғылыми зерттеулерге қатыса алады. Олар ақпараткоммуникациялық, космостық технологиялар, нанотехнология, навигациялық жүйе, компьютерлік инжиниринг және т.б. сияқты бүгінгі күні басымдылық беріліп отырған мамандықтар бойынша білім ала алады.
   Семинарға қатысушылар халықаралық ынтымақтастық, академиялық құрылымдама және университеттің ғылыми-зерттеу әлеуетін дамыту үлгісі мәселелерін талқылады.
     Консультативтік және қорғаншылық кеңес қалыптастыру жөнінде ұсыныстар қарастырылып, бірқатар елдердің университеттері арасында ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылды.

www.edu.gov.kz