Құрметті әріптестер!
Мен барлық сөз сөйлеушілерді тыңдап шықтым.
Енді қорытындылауымыз қажет.
Бүгінгі жиында көптеген маңызды мәселелер қозғалып, олардың шешу жолдары айтылды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауынан және желтоқсан айында өткен Ғалымдар форумында сөйлеген сөзінен туындайтын бірқатар түйінді міндеттерге назарларыңызды аударғым келеді.
Бірінші.
Ел Президенті іргелі ғылымның басты міндеттерінің бірі ретінде оның жаһандық деңгейдегі зерттеулерге кірігуін қойды. Мұндай ауқымдағы міндет ешқашан қойылған емес.
Мұнда нәтижеліліктің маңызды көрсеткіші – рейтингі жоғары басылымдарда жарияланған мақалалар саны.
Бұл көрсеткішті арттыру керек екенін үнемі айтып келеміз.
Бірақ нәтиже көңіл көншітпейді – Thomson Reuters деректеріне сәйкес жылына бар болғаны 300 жұмыс қана.
Елімізде 20 мыңдай зерттеуші бар екенін ескерсек, бір ғалымға 60 мақаладан келуі тым аз.
Сөзден іске көшетін кез келді.
Сондықтан Ғылым комитетіне Қаржы және инвестициялық жобалар департаментімен бірлесіп, осындай басылымдарды ынталандыру жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын.
Бұл ретте ғалымдардың өзі ғана емес, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындары мүдделі болатындай тетіктер дайындаған жөн.
Сонымен қатар қазақстандық журналдардың жалпы сапалық деңгейін айтарлықтай арттырып, отандық рейтингтік басылымдар санын көбейту қажет.
Ғылым комитеті ғылыми-зерттеу ұйымдары және ЖОО басшыларымен, Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп, осы мәселені жан-жақты пысықтап, тиісті іс-қимыл жоспарын ұсынсын.
Екінші.
Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, кандидаттар мен докторларды «қаптатып» шығару тоқтатылды.
Әлемдік практикада қабылданған PhD докторларды даярлау жүйесі енгізілді, екі ғылыми атақ – қауымдастырылған профессор және профессор атақтары заңнамалық түрде бекітілді.
Бірақ бұл модель әзірше тек алғашқы буында (PhD докторлар) жұмыс істейді.
Ғылыми атақтар бойынша біз заңға тәуелді актілерді қабылдадық және осыған тоқмейілсіп отырған сияқтымыз.
Дегенмен, ғалымдар да, ғылыми ұйымдар да мұндай атақтарды алуға және иеленуге әзірше онша қызығушылық танытпай отыр.
Осыдан барып жарияланымдар саны аз, жастарды ғылымға тарту баяу жүргізілуде.
Меніңше, жаңа жүйенің мүмкіндіктерін толық түсінбеушілік бар сияқты. Осының салдарынан ғылыми кадрларды даярлау қарқын ала алмай отыр.
Сондықтан Ғылым комитеті мен Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментіне ғылыми-зерттеу ұйымдары мен жоғары оқу орындарында қауымдастырылған профессорларды даярлауды мақсатты ынталандыру жөнінде шаралар кешенін дайындап ұсынуды тапсырамын.
Қауымдастырылған профессорлардың жалақысына 2 минималды көлемде, ал профессорларға 4 минимальді көлемде үстемеақы белгілеу туралы ұсыныс енгізуді ұсынамын.
Ғалымда мені қолдайды деп ойлаймын.
Бұл ұсынысты Ғылым комитетіне пысықтауды тапсырамын.
Үшінші.
Өткен жылы 1 желтоқсанда Президент ғылыми мекемелердің қызметіне ревизия жүргізуді тапсырды.
Бұл орайда ешқандай ілгерлеушілік жоқ. Ревизия жүргізу туралы ұсыныс формальды сипатта қалып отыр.
Шынтуайтқа келгенде, ҒЗИ қызметінің тиімділігін арттыруда бұл тексерістің маңызы өте зор.
133 ҒЗИ-дің немен айналысып жатқандарын білім қана қоймай, олардың мақсатын, қоғамға берер пайдасын нақты білуіміз қажет.
Мысалы, Экономика институты әлемдегі шағын қалалардың өзекті проблемаларымен айналысады ма? Қазақстан үшін теориялық жалпылау мен практикалық қорытындылар жасалды ма?
Жаратылыстану бейініндегі институттар қандай деңгейде бағытталған және шынайы инновациялық қызметке дайын ба?
Қандай ғылыми мектептер бар, оларға қолдау көрсету және дамыту үшін не істеу керек?
ҒЗИ ғалымдары қоғамда рухани ахуалды құруға, елді дамытудың міндеттері мен мақсаттарына қалай қатысады?
Мемлекеттік тілді дамытуға ҒЗИ-дің үлесі қандай? Философия институты тым тар бейінді болып кеткен жоқ па?
Ұлтаралық қатынастарды зерттеу, дін тарихы, діни экстремизммен күресу мәселелері бойынша ғалымдарымыздың ғылыми жарияланымдары жеткілікті ме?
Ғылыми ұйымдарды кадрлық қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аудару қажет және ҒЗИ жұмысына жастар қаншалықты тартылуда, басшылардың жауапкершілік деңгейі жеткілікті ме, осыларға талдау жасау қажет.
Міне, алдағы болатын ревизия осы және басқа да мәселелер бойынша жауап беруі тиіс.
Бұл – ғылыми базаны дамытуға, нығайтуға арналған тәсіл.
Ғылым, Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеттеріне қысқа мерзімде ҒЗИ мен Ұлттық және инженерлік зертханаларға ревизия жүргізудің нақты механизмін, критерийлер мен жоспарын жасауды тапсырамын.
Бұл іске Ұлттық ғылым академиясын, басқа да республикалық академияларды және ұлттық ғылыми кеңестерді тарту мәселесін қарастыру қажет.
ҒЗИ-ды ғылыми кадрларды даярлауға, зерттеу және инновациялық университеттермен өзара тығыз іс-қимыл жасауға тарту тетіктерін ойластыру керек.
БАҚ-та ғылымды насихаттау туралы да ұмытпаған жөн. Қазіргі уақытта жарыққа шығып жатқан мақалалар пиар сипатында ғана, терең пысықталған қорытындылар жоқ.
Осы ахуалды дұрыстау үшін қандай шаралар қажет, Ұлттық ғылыми кеңестердің басшыларына ғылыми бағыттарды дамыту бойынша нақты бағыттары, жолдары көрсетілген мақалалар неге жазбасқа?
Ең бастысы тексеріс бізге ҒЗИ көп жыл бойы жазылатын экономикалық және қоғамдық қызметке арналған диссертацияларды қайта бағдарлау тәсілдерін береді.
Ғылымның дамуы біздің жетекші жоо-лардың басым бағыты болуы қажет – өйткені дәл осы орындарда PhD докторларын даярлаймыз, инновациялық қызметті жандандырамыз.
Сол себепті ғылым деңгейі мен оған жастарды тарту жоғары оқу орындарының жұмысын бағалауда негізгі критерийлердің бірі болуы қажет.
Бұл жағдайда біз бірінші кезекте, еліміздің барлық жоғары мектептерін болашақта дамытудың жаңа моделі ретінде Назарбаев Университетіне бағдарлануымыз қажет.
Ғылым комитетіне Назарбаев Университетінің басшылығымен бірлесе отырып, зерттеулер жүргізудің жаңа тәжірибесін тарату және оған жастарды тарту, нәтижелерді практикаға енгізгенге дейін толық циклді жүзеге асыру, бірлескен зерттеулер жүргізу мақсатында басқа да жоо-лармен және ғылыми ұйымдармен өзара іс-әрекетінің кешенді механизмін жасауды тапсырамын.
Тағы бір айтарым – осы жақында жобаларды гранттық қаржыландыру бойынша бірінші конкурс аяқталды.
Оның нәтижесі бойынша Ғылым комитетіне жоғары оқу орындары мен ҒЗИ-дың қатысуы, олардың қайсысы қанша жоба тапсырды, нешеуі ұтып алды, қандай жоо-лар ғылыммен мүлдем айналыспайды және оның себептері туралы нақты талдау ұсынуды тапсырамын.
Жоғары оқу орындарын және олардың ректорларын аттестаттау барысында шаралар қабылдау үшін тиісті нәтижелермен жұмыс жасау.
Ғылыми зерттеулердің жай-күйі үшін жетекшілердің жауапкершілігін арттырудың басқа да механизмдерін жасау қажет.
Жоғары оқу орындары мен ҒЗИ-ды аккредиттеу, аттестаттау кезінде ғылыми кадрлардың сапасы, ғылыми дәрежелері мен атақтары, әсіресе рейтингтік басылымдардағы жарияланымдары және т.б. міндетті түрде ескерілуі қажет.
Сондай-ақ, Ұлттық ғылыми кеңестердің жұмысын талдауды ұсынуды сұраймын, бұл жұмыстың жоғары тиімділігі үшін Министрлік тағы да қандай көмек көрсете алады.
Төртінші.
Жолдауда Мемлекет басшысы инновациялық гранттарды бөлу арқылы перспективалы ғылыми зерттеулерге арналған бюджеттік шығыстарды көбейтуді тапсырды.
Ғылым комитетіне аталған механизмдерді жете талдауды және Даму институты, Ұлттық инновациялық қор, Ғылым қорымен өзара байланысы үшін аталған қызметтерді дамытуда ҚР БҒМ мен біздің ғылыми ұйымдардың үлесін арттыру бойынша кешенді шаралар ұсынуды тапсырамын.
Бесінші.
Отандық ғылыми-инновациялық әлеуетті дамыту жоспарында бізде бірқатар жүйелі проблемалар бар – оны өздеріңіз де білесіздер.
Бұл көптеген ғылыми әзірлемелердің аяқсыз қалуы, заманауи механизмдерді енгізудің, дамыған инфрақұрылымдық элементтердің инновациялық жобаларға және т.б. ықпал етуінің жоқтығы.
Қажетті механизмдерді жасау үшін бірқатар шаралардың іске қосылғанын білесіздер.
Осы бағытта біз Дүниежүзілік банкпен бірлесіп жасалған «Технологияларды коммерцияландыру» жобасына үлкен үміт арттық. Ол үмітімізді ақтамай отыр, осы күнге дейін ешнәрсе жасалмады.
Мен ақпан айының аяғына дейін Қарыз туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы тапсырма бердім.
Алайда, Технологияларды коммерцияландыру басқармасы, не Жобаны басқару тобы әлі күнге дейін нақты ұсыныстар берген жоқ.
Сондықтан тез арада жобаның жай-күйі мен оның келешегіне толық талдау жасап, жұмысты жалғастырудың орындылығына баға беруіміз қажет.
Тиісті талдамалық анықтама ұсынуды тапсырамын.
Осы саладағы екінші маңызды деп танылған «өсу нүктесі» – «Парасат» Холдингі. Ол зерттеулерден бастап оларды коммерцияландыруға дейінгі толық циклді жүргізеді.
Бұл жерде, айтып өткендей, мақсатқа бағытталған жұмыстар жүргізілуде және бұл жұмыстарды маңызды практикалық нәтижелер алу үшін жылдамдатуымыз қажет.
Сондықтан Холдингтің ҒЗИ-мен және жоғары оқу орындарымен белсенді байланыс орнатуын қамтамасыз етуіміз тиіс.
Тағы бір «өсу нүктесі» – ғалымдардың неғұрлым перспективалық инновациялық жобаларын іріктеу.
Бұл туралы бүгін жан-жақты айтылды.
Абсолюттік инновацияларды қосқанда, бізде мұндай ондаған жоба бар.
Ендігі міндет – оларды практикалық іске асыруға, «100 қазақстандық инновация» жалпыұлттық жобасының үздіктеріне қосу.
Сол үшін Ғылым комитетіне және «Парасат» Холдингіне оларға ұйымдастыру, маркетингтік, қажет болса - қаржылай қолдау бойынша қосымша шаралар қолдануды, бизнес-қауымдастықтарды тарта отырып, консультациялар жүргізуді, мемлекеттің басқа да инновациялық құрылымдарымен байланыс жасауды тапсырамын.
Яғни, аталған жобаларды «ерекше назардағы аймаққа» енгізу қажет. Олар біздің ғылымның инновациялық процестегі бет-бейнесіне айналуы тиіс.
Бұл біздің мемлекеттің, қоғам мен ғылымның өзара әрекетінің инновациялық әлеуетін арттыруға қосатын нақты үлесіміз болады. Бұл туралы Ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ерекше айтылды.
Бізде бағдарламалық-мақсатты қаржыландырудың маңызды тетігі бар. Жоғары оқу орындарының, ҒЗИ мен бизнестің зерттеулер мен әзірлемелерге бірлесіп қатысу мәселесін күшейтуіміз қажет.
Мүдделер келісімін тауып, бизнесті ғылымға нақты тарта білуіміз тиіс.
Ғылым комитетіне осы мәселе бойынша ұсыныс әзірлеуді тапсырамын.
Құрметті әріптестер!
Баяндамаларда басқа да маңызды проблемалар қозғалды.
Мұның барлығын кешенді түрде талдап, тиісті іс-қимыл жоспарын әзірлейміз және оны бірлесіп орындаймыз.
Барлықтарыңызға мүдделілік танытып, талқылауға қатысқандарыңыз үшін алғыс айтамын.
Сөзімнің соңында айтарым, «Ғылым туралы» жаңа Заң қабылданды, оны іске асырудың барлық тетіктері пысықталды, Ұлттық ғылыми кеңестер құрылды, гранттық, базалық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру енгізілді.
Осылайша мемлекет ғалымдардың алаңсыз жұмыс істеуі үшін барлық жағдайды жасап отыр.
Ендігі жерде ғалымдардың Елбасы Н.Ә. Назарбаев қойған ауқымды міндеттерді шешуде осы мүмкіндікті қаншалықты тиімді пайдаланатынына байланысты.
Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет!


