14 ноября 2008 г.

«Рухани-ғылыми мұра» тақырыбында республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті

«Рухани-ғылыми мұра» тақырыбында республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті

   2008 жылғы 7 қарашада Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жаңадан ғылыми айналымға енген тарихи-мәдени деректерді орта мектептер мен жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына енгізудің ғылыми-әдістемелік жолдарын жүйелеуге арналған «Рухани-ғылыми мұра» тақырыбында республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті. Оны ҚР Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырып отыр.
   Конференцияға қатысқан ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев: «Қазақстан бәсекеге қабілетті әлемнің дамыған елу елінің қатарына кіру үшін өткенімізді ұмытпай, оны ұлықтай білуге міндеттіміз. Ұлы бабалардан қалған мәдени мұра – біздің басты ұлттық құндылығымыз. Өткенін бағалай білетін ұрпақ қана үлкен табыстарға жетеді. Сондықтан тарихи-мәдени деректерді орта мектептер мен ЖОО оқу бағдарламаларына енгізу жолындағы бұл қадамның маңызы зор», - деп атап өтті.
   Жиынның басты мақсаты – пәнаралық жан-жақты зерттеулер мен алдыңғы қатарлы отандық және шетелдік ғалымдар мен зерттеушілердің сараптамалық-талдау қорытындылары негізінде Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының көрнекті мәнін көрсете білу және бағдарлама негізінде жаңадан ғылыми айналымға енген тарихи-мәдени деректерді орта мектептер мен жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына енгізудің ғылыми-әдістемелік жолдарын жүйелеу.
   Конференция шеңберінде «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарыққа шыққан оқу басылымдары мен басылым серияларын жұртшылыққа таныстыру мақсатында көрме ұйымдастырылды.
    Сонымен қатар танымал ғалымдардың идеялары мен тұжырымдамалары талқыланған «Идеялар клубы» жұмыс істеді.
   Конференция жұмысы «Фольклористика, әдебиеттану, тілтану», «Философия және саясаттану, заң ғылымы, экономика», «Тарих ғылымы және этнография», «Археология және антропология» және «Педагогика, психология» секциялары бойынша жалғасты.

 


Басты параққа қайту