Ғылым мен техника, әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлықтары туралы Ереже

Қазақстан Республикасы
 Президентінің
 2007 жылғы 13 тамыздағы
 № 381 Жарлығымен
 БЕКІТІЛГЕН

 

Ғылым мен техника, әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлықтары туралы
ЕРЕЖЕ

 

1. Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы және Әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы (бұдан әрі - Мемлекеттік сыйлық және мемлекеттік сыйлықтар) ғылым, техника, әдебиет пен өнер қайраткерлерінің еңбегін қоғам мен мемлекет алдында жоғары тану болып табылады.

2. Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы Қазақстан Республикасының азаматтарына:

республиканың экономикалық және әлеуметтік дамуын айтарлықтай жеделдетуге, қазақстандық ғылым мен техниканың әлемдегі озық жетістіктер деңгейіне шығуына әкелетін іргелі және қолданбалы зерттеулер саласындағы аса үздік нәтижелер үшін;

қоғамға кеңінен танылған бір саладағы ғылыми жаңалықтар, монографиялар мен ғылыми жұмыстар үшін;

техниканың, материалдардың және технологиялардың әлемдік аналогтар немесе одан жоғары деңгейдегі жаңа түрлерін әзірлегені және өндіруді ұйымдастырғаны үшін;

экономиканың түрлі салаларында мемлекеттік құпияларға жатқызылған мәліметтері бар мүлдем жаңа бұйымдар, технологиялық үрдістер әзірлегені және жасағаны үшін беріледі.

Әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы отандық мәдениетті дамытуға ерекше бағалы үлес деп танылған әдебиет пен өнер саласындағы аса үздік шығармалары үшін беріледі.

3. Мемлекеттік сыйлықтарды Қазақстан Республикасының Президенті Тәуелсіздік күніне береді.

Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы 2007 жылдан бастап беріледі.

Әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы 2008 жылдан бастап беріледі.

Екі жылда бір рет үш Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы және үш Әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы беріледі.

4. Мемлекеттік сыйлық алуға ұсынылған жұмыстарды Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссия және Әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссия (бұдан әрі - комиссиялар) қарайды.

Комиссиялардың құрамы мен олар туралы ережелер Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітіледі.

Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның қызметін қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның қызметін қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жүзеге асырады.

5. Мемлекеттік сыйлық ақшалай сыйақыдан, Мемлекеттік сыйлық лауреатының дипломынан және омырау белгісінен тұрады. Мемлекеттік сыйлық лауреаты дипломының және омырау белгісінің сипаттамасы Қазақстан Республикасы Президенті актісімен бекітіледі.

Комиссиялар мемлекеттік сыйлықтардың ақшалай сыйақы мөлшерлерін олар берілетін жылы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделген сома шегінде айқындайды.

Дипломдар мен омырау белгілерін дайындауға, сараптама жүргізуге байланысты шығыстар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қаражаттары есебінен қаржыландырылады.

6. Ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықты алуға ұсынылатын ғылыми еңбектер жариялануы, ал техниканың жаңа түрлері, материалдар мен технологиялар Мемлекеттік сыйлық алуға ұсынылған сәтке кемінде екі жыл бойы өндірісте игерілуі тиіс.

Әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықты алуға жұмыстарды қабылдау аяқталғанға дейін бес жылдан әрі емес және кемінде бір жыл бұрын көпшілік айналым үшін орындалған бір автордың немесе авторлар ұжымының жұмыстары ұсыныла алады.

Жұмыс Мемлекеттік сыйлық алуға бір рет ұсынылады.

Бұрын Қазақстан Республикасы сыйлықтарына ие болған жұмыстар Мемлекеттік сыйлық алу конкурсына қатысуға жіберілмейді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығы лауреатының жаңа жетістіктері болған ретте бұл сыйлық оған қайтадан, бірақ көрсетілген сыйлық осының алдында берілгеннен кем дегенде бес жылдан кейін берілуі мүмкін.

7. Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ұсынылатын ізденушілер ұжымы 8 адамнан аспауға тиіс.

Әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ұсынылатын ізденушілер ұжымы 5 адамнан аспауға тиіс.

Бір ізденушінің кандидатурасы Мемлекеттік сыйлыққа екі және одан да көп жұмыстар бойынша ұсыныла алмайды

8. Жұмыстарды Мемлекеттік сыйлық алуға ұсынуды мемлекеттік органдарының алқалары, ғылыми, оқу ұйымдарының ғылыми, ғылыми- техникалық, ғалымдар кеңестері мен басқа да алқалық органдары, шығармашылық одақтар мен ұжымдар жүргізеді.

Жұмыстарды Мемлекеттік сыйлық алуға ұсыну туралы шешім осы органдардың қызметін реттейтін регламенттер мен басқа да актілерде белгіленген тәртіппен қабылданады.

9. Мемлекеттік сыйлық алуға жұмыстарды қабылдау туралы хабарландырулар мен оларды ресімдеу жөніндегі талаптар бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылады.

10. Ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықты алуға ұсынылған жұмыстар бойынша мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізіледі.

11. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі:

ғылым мен техника, әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтарды алуға ұсынылған жұмыстарды сыйлық берілетін жылдың 1 ақпанына дейін қабылдайды;

мемлекеттік сыйлықтарды алуға ұсынылған, келіп түскен жұмыстарды комиссиялардың қарауына ұсынады.

12. Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік сыйлықтар беру туралы Қазақстан Республикасы Президенті актісінің жобасын олар берілетін жылдың 1 қарашасына дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне енгізеді.

13. Мемлекеттік сыйлықты Қазақстан Республикасының Президенті салтанатты жағдайда тапсырады.

14. Мемлекеттік сыйлық ұжымға берілген кезде оның ақшалай сыйақысы авторлары арасында теңдей бөлінеді.

15. Қайтыс болғаннан кейін марапатталған Мемлекеттік сыйлық лауреатының дипломы, омырау белгісі мен ақшалай сыйақысы мұрагерлеріне беріледі.